Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Айнаның ар жағында не бар?

Айнаның ар жағында не бар?

Әлемде түрлі қызық бар. Тылсымы көп дү­ниенің сан қыры адам баласын сонау замандардан қызықтырып келеді. Ал сіз тірі жаратылыс ішінде адам ғана айна арқылы өз бейнесін көріп, тани алатынын білесіз бе?

Тарихқа көз салсақ, айнаны ең алғаш венециялықтар ойлап тапқан. Орта ғасырларда тек Венецияда ғана айна өндірісі дамыған екен. Қытайдың жібек өндірісін жасырып ұстағанындай, бұл елде айна жасау құпиясы қатаң сақталған. Арнайы шеберлерді өзге аралда ұстап, сыр алдырғандарына өлім жазасын беретін болған.

Айна тек тұрмыстық мақсатта қолданылмайды. Ол бергі әлем мен рухтар әлемін байланыстырушы ретінде тылсым құпияға толы. «Түнде айнаға қарама», «Ұйықтар алдында айнаның бетін жауып қою керек», «Сынған айнаға қарама» деген түсініктің астарында айнаның осындай сиқырлы күшке иелігі жатыр. Айна мен рухтар әлемін байланыстыру әдеби шығармалар мен аңыз-әңгімелерде де молынан кездеседі.

Сондай-ақ, айна физикалық тұрғыдан шағылыстырушы күш болып табылады. Аңызға сүйенсек, грек ғалымы Архимед айнаға түскен күн сәулесін шағылыстыра отырып, римдіктердің кемелерін жағып жіберіп отырған. Ескерте кетерлік жайт, айна не шыны сынықтары күннің сәулесімен тұтанып, алапат өртке әкелуі мүмкін. Бұл тұста мамандар айна сынығын бейберекет тастаудың қай жағынан болса да қауіпті екенін ескертеді.

Айна туралы әр елдің түсінігі мен салты түрліше. Бір елде айнаның сынуы бақытсыздыққа баланса, кей елде бақытты болу үшін айнаны әдиі сындырады екен. Бірақ, көпшілік жағдайда айнаны сиқырмен, тылсым күшпен байланыстыру қалыптасқан.

Ертеректе бұл тұрмыстық затты жазаның ауыр түріне арнайы қолданған. Қылмыс жасаған адамды алты жағы айнадан тұратын бөлмеге бірнеше күнге қамап қоятын болған. Жан-жағынан өзіне ентелеген өз бейнесін көрген адам ондай күшке шыдай алмай, есі ауысатын көрінеді.

Бірақ, айнаны тек қорқынышты әрі тылсым әлемнің «өкілі» ретінде қабылдау да дұрыс емес. Күнделікті айнадан өз-өзіне тамсанып қараған адамда ерекше көңіл-күй пайда болады. Осы ретте, жантану ғылымының өкілдері айнаға қарап өз-өзіңмен сырласудың, Құдайдың жаратқан сұлу бейнеңе сүйсіне қараудың пайдасы зор екенін айтады. Айна кез келген ақпаратты бойында сақтай отырып, кері әсермен шағылыстырады. Ғалымдардың пікірінше, айнаға түскен жарық шағылысып қана қоймай, энергия бөледі. Тағы да ерте заманға шегінсек, атақты шешендер айнаға қарап, өз-өзімен сөйлесіп, көпшілік алдында өзін еркін ұстауға машықтанған делінеді.

Сондай-ақ, айнаны қазір тұрмыста ғана емес медицинада, шам жасау ісінде, көптеген салада кеңінен қолданады. Денсаулық сақтау саласындағы перископ құрылғысының негізі өткен ғасырларда қарапайым айна арқылы қаланса, үлкен аумаққа жарық беруге қауқарлы шамдардың да негізгі бөлігі айнадан тұрады. Талай ғылымның негізін салған микроскоптың да айнаға тікелей қатысты құрылғы екенін көпшілік білгенімен, күнделікті айнаға қарағанда есіне алып жатпайтыны анық. Бүгінде тұрмыстық мүлік пен кеңсе не үй-жайға көрік беру мақсатында жиі қолданылатын айна атаулының ар жағында бізге белгісіз небір тылсым мен тың дүние бар.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

18 қыркүйек 2021 ж. 593 0