Тіршілік тынысы Сырдария аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Хадиша БАҚТЫҒАЛИҚЫЗЫ, Алматы қаласы әкімдігі, Қоғамдық даму басқармасы мониторинг және талдау орталығының бас маманы: Отандық дипломатияға үлес қосқым келеді

Хадиша БАҚТЫҒАЛИҚЫЗЫ, Алматы қаласы әкімдігі, Қоғамдық даму басқармасы мониторинг және талдау орталығының бас маманы: Отандық дипломатияға үлес қосқым келеді

«Шалғайда жүр бір түлек...» Киелі Сыр топырағынан түлеп ұшып, бүгінде мемлекетіміздің түкпір-түкпірінде, тіпті шет елде білім алып, жан-жақты білім мен тәжірибесін толықтырып жүрген түлектеріміз жетерлік. Аудан тынысына айналған «Тіршілік тынысы» газеті тұрақты айдар арқылы ауданның атын асқақтатып жүрген шәкірттерді туған жермен «қауыштырып» келеді. Осы ретте, аудандағы ірі білім ошақтарының бірі №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейін 2004-2015 жылдар аралығында оқып, мектеп өмірі мен қоғамдық іс-шараларда белсенді болған Хадиша Бақтығалиқызымен онлайн түрде сұхбаттасқан едік. «Хадиша» сөзі араб тілінен аударғанда «сый» деген мағына береді екен. Ата-анасына Тәңірдің берген үлкен сыйындай болған қыз бұл күнде Қазақстанның ең ірі мегаполисі – Алматы қаласында тұрады.

– «Бала нені білсе жастан, ұядан – өле өлгенше соны таныр қиядан» дейді екен данышпан Жүсіп Баласағұн. Алғашқы сұрақ өзіңіз туралы болса? Балалық бал кезеңіңіз қайда, қалай өтті?

– «Терең жатқан жер төсі, Сұлу Сырдың өлкесі» – Сыр елінде дүниеге келдім. Балалық шағымды еске алсам, көз алдыма марқұм әжем келеді. Сізден сұхбат жасауға ұсыныс түскенде ең алдымен ауданның тыныс-тіршілігінен хабар беретін осы басылым үйіне жиі ертіп әкелетіні, балалар кітапханасына жетектеп апаратыны санамда жаңғырып сала берді. Кітапханада отырып бірге кітап оқитын едік. Сонда тентектік болар, кітапты жыртып қоятынмын. Әжем оларды желімдеп, қайта өткізеді. Әжемнің қалдырған үлкен қазынасы – кітап оқуды, кітапханаға жиі бас сұғуды үйреткені деп білемін. Әкем мен анам жұмыста болғанда нағашыларымдікінде боламын. Нағашы атам да сондай білімді жан, ертегі оқып беріп отыратын.
Міне, осылай кітапханаға әжесі «сүйреген», атасының ертегісін тыңдап өскен қыз №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінде білім алды. 1-сыныптан алғыр оқушы болдым деп айта алмаймын. Дегенмен, мектеп қабырғасында жүрген жылдарымда ағылшын тілін үйренуге қызықтым.

Әкем Бақтығали Кішкенбаев – «КАМ» ЖШС-де техникалық сала маманы болса, анам Ляззат Жарылқасынова – аудандық емханада аймақтық мейірбике болып жұмыс жасайды. Артымнан ерген інім бар. Менің қабілетімді, қызығушылығымды шыңдауда ата-анам маңызды рөл атқарды. Дәл сол уақытта ата-анам қолдау көрсетпесе, қазіргі өмірім мүлде басқаша болар ма еді. Сол кездегі қолдау мен сенімнің арқасында Алматы қаласынан орын тепкен Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша үздік дипломға тәмамдадым. Алдағы уақытта халықаралық қатынастар саласында сабақ беріп, кадрлар даярлағым келеді. Сол үшін магистратура бөлімінде ғылыми-педагогикалық бағытты таңдап, биыл «әлеуметтік ғылымдар магистрі» дәрежесін алдым. Студенттік жылдарымда жан-жақты білім алу, ізденіс үшін байқаулар мен халықаралық форумдарға, медиация, халықаралық қатынастар, коммуникация, мемлекеттік тіл семинар-тренингтеріне қатыстым. Нәтижесінде «Бөбек» жалпыұлттық қозғалысы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінің бастамасымен жас­тар жылында білім, ғылым, өнер, спорт саласына қосқан үлесім үшін «Uzdik student – 2019» төс белгісімен марапатталдым.

«Кез келген жағдайда әкең екеумізден ешнәрсе жасырмаңдар, қандай жағдай болсын біз сендерді қолдаймыз», – деп анам інім екеумізге жиі айтып отырады. Қайда жүрсе де құр даңғаза, бос сауыққа салынбасын дегені болар жиі «жиналыс» өткізіп тұратын. Әкем де «Уақыт сендердікі, енді қалғаны өздеріңнің қол­дарыңда, тілеулеріңді тілеп отырамыз» дейді. Әлі күнге ата-анама еркелеймін. Оқу жылының демалыстарын асыға күтетінмін, ата-анаңның қасында болғанға ешнәрсе жетпейді.

– Қай жақтан дәм тартса, сол жақта боласың ғой. Бірақ таңдауыңыз неге Алматы болды?

– Жоғары оқу орнын ақылы бөлімде оқыдым. ҰБТ аяқталып, оқуға құжат тапсырар сәтте ата-анам «қалаған мамандығың бойынша білім аласың, қазіргі таңдауың – болашақ наның» деп таңдау жасауды өзіме қалдырды. Өзім тіл үйренуге бала күнімнен қызыққан соң, оны болашақ мамандығыма айналдырғым келді. Сол себепті осы саланы таңдадым. Дипломаттар мен елшілерді даярлауда Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті «көшбасшы» болып саналады, сондықтан таңдау оңтүстік шаһарға түсті.

– Ата-анасының қасынан ұзап шықпа­ған ауылдың ұяң қызына үлкен қалада алғашқы жылдары қандай қиындықтар кездесті?

– Ең әуелі, отбасым маған үміт артты, сенді. Сол сенімді ақтауға деген ұмтылыс жолда кездес­кен аз-кем қиыншылыққа мойын бұруға мұрша бермеді десем болады. Аса қатты қиналдым деп айта алмаймын. Себебі әкем мен анам жиі келіп тұрды. Бұл жақтан өз ортамды тауып, жақсы жандармен жолықтым. Жол көрсетер алдыңғы буын ұстаздарымыз да тәлім мен тәрбиені қатар үйретті. Ауылды сағынасың, әрине. Ондайда демалыс алып, туған жердің топырағымен «емделіп» қайтатынбыз.

– Халықаралық қатынастар саласына деген қызығушылық қалай пайда болды?

– Егер адамның өмірі төрешінің үкіміне байланысты болса, онда мемлекеттің болашағы дипломаттың келіссөздеріне байланысты болады. Толеранттылық дипломатқа жүктелген жоғары жауапкершілік – бұл мамандықтың басты ерекшелігі. Оқушы кезімде әлем жаңалықтарынан «Араб көктемі» жайлы көп еститінмін. Шет елдіктермен келіссөз барысындағы бейнемді жиі елестетінмін. Сол бала қиял кез келген мемлекет үшін маңызды саланы таңдауыма негіз болды.

– Оқуды тәмамдадыңыз, Халықаралық қатынастар саласы бойынша «магистр» дәрежеңіз бар. Осы төңіректе қызметке кірістіңіз бе?

– Иә, бакалаврды аяқтаған соң өз маман­дығым бойынша жұмыс жасай бастадым. Қазір Алматы қаласы әкімдігі Қоғамдық даму басқар­масының мониторинг және талдау орта­лығында бас маман болып жұмыс жасаймын. Негізгі атқаратын жұмысым – БАҚ және интернет-ресурстарға мониторинг, мегаполистің қоғамдық-саяси жағдайына бақылау және талдау жасау. Магистратураға оқуға түскен сәттен бастап, 2 айлық тағылымдамадан өттім, басшылық тарапынан «оң» баға беріліп, жұмысқа қабылдандым. Айтпақшы, мен қызметке кіріскен жылы елдегі жағдай ушығып, коронавирус дерті әлемдік пандемия дәрежесінде жарияланған болатын. Сол тұста жедел штаб құрамында күн-түн демей еңбек еттік. Бастапқыда тәжірибесі аз маман үшін қиындықтар болды. Уақыт өте барлығы өз арнасына түседі ғой. Қызметтік мақсатым – тұрғындарға өмір сүретін қолайлы орта қалыптастыру үшін не қажет екенін түсіндіру. Халық, жергілікті басқару органы, коммуникация – осы «үштікке» жүктелер жауапкершілік өте жоғары.

– Өмірдегі ең үлкен жетістігім не деп білесіз?

– «Мынау менің жетістігім» деп айтуға әлі ерте. Ата-анамның сенімін ақтап, ініме қамқор, елге адал қызмет етсем – сол жетістік.

– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

– Оқу, білу, іздену!

– Мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басқан іні-сіңілдеріңізге не айтар едіңіз?

– «Студенттік шақты бекер өткізбе» дер едім. Бос уақытты тек жақсы, пайдалы етуге тырысу қажет. Өзін өзгелермен салыстырмауға кеңес беремін. Үлкен қалаларда мүмкіндік өте көп, түрлі халықаралық ұйымдар, орталықтар жұ­мыс жасайды. Сондай-ақ, бос уақытта кітап оқымау керек, кітап оқуға арнайы уақыт бөлу қажет. Соңғы жарыққа шыққан кітаптарды табу қиын емес. Қазір ілім іздеген адамға барлық жағдай жасалған. Отбасымызда «Қызым – үйде, қылығы – түзде» деген сөзді естіп өстік. Қыз болсын, ұл болсын, үйден алыстадым деп, еркін­сіп, босаңсуға болмайды.

– Туған жерді сағынасыз ба?

– Әрине, адам өзінің кіндігі байланған жерді сағынуы қалыпты жағдай.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай? Болашақта туған жерге – Сыр еліне ат басын бұру ойда бар ма?

– Қазіргі таңда отандық дипломатияға қосар үлесім ретінде екі ауқымды тақырып турасында ізденіс үстіндемін. Барлығымызға белгілі, қазір әлеуметтік желі үлкен сұранысқа ие. Осы бағытта өз салам бойынша тарихымызға, әлемдік тәжірибеге сүйене отырып жұмыс жүргізуге дайындалып жүрмін.

Анам «ауылға кел, туған жермен білгеніңді бөліс, үлкен қаланың жаңалығын ауылға жеткіз» дейді. Ол болашақтың еншісінде. «Білгенім – бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз» ғой. Туған жерге жаңалық жеткізу үшін қазір оқып, мықтылардан үйреніп, сараптап, қажетімді алуым керек.

Ауылдың тыныс-тіршілігін әлеуметтік желі­ден, аудандық баспасөздің сайтынан бақылап отыра­мын. Ауылымыз көркеюде, оң жаңалық бол­са, қуанып жүреміз. Жақында өзім оқып кеткен білім ордасының 100 жылдық мерей­тойын тойлап жатқаны туралы мақаланы оқыдым. Осы ретте, қара шаңырағымызды мерейтойы­­мен құттықтаймын. Мектеп қабырғасы біз үшін жарқын, маңызды кезеңдердің куәсі болып қалады. Бастауыштағы мұғалімім – Шолпан Қажмұханқызына, сынып жетекшім – Ұлбосын Қайқыбекқызына, сол кездегі бейіндік оқыту жө­нін­дегі орынбасар Қаршыға Абылайқызына, тәр­бие ісі жөніндегі орынбасар Ләйлә Шәріп­қызына және мектеп директорының міндетін атқарған Айнұр Тоқшылыққызына ерекше алғы­сымды білдіремін.

– Туған жер, қара шаңырақ алғысы­ңызды қабыл алды. Ұстаздың мерейі – шәкіртінің жетістігі болса, сіздердей түлек түлеткен алтын ұяның да мерейі үстем. Үлкен жетістікке жеткен шәкірттерін ұдайы кейінгіге үлгі етіп отырады. Ал сіз өзіңізге кімді үлгі тұтасыз?

– Жалпы, сындарлы саясатымен елдің басын біріктірген Елбасымыздың, Тәуелсіз елді дамудың дара жолына түсіріп отырған Президентіміздің, зиялы қауым, данышпан ғалымдардың, алдыңғы толқынның әрбірінен аларымыз бар.

Десек те, жол бастаушым әрі үлгі тұтарым деп анам мен әкемді айтар едім. Әркім үшін жарық дүние сыйлаған ата-анасы – нақ беттүзері деп ойлаймын. Мамандықты игеру барысында небір тұл­ғалардың өмірбаянын оқып, танысамыз. Бі­рақ жазылған шығармаларды оқығанда, мен үшін ата-анама тең келетін тұлға кездеспеді.

– Мектеп кезіндегі Хадиша мен қазіргі Хадишаның айырмашылығы бар ма?

– Бар. Есейген сайын ақыл толысқандай, көп нәрсені тереңірек түсіне бастайды екенсің. Бала, әпке, азамат ретінде жауапкершілік артты.

– Туған жердің туын биік ұстап, әр істе абыройыңыз арта берсін деп тілейміз! Сұхбатыңыз үшін рақмет!


Сұхбаттасқан
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
24 шілде 2021 ж. 115 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам