Тіршілік тынысы Сырдария аудандық қоғамдық-саяси газет

№ 4 газет

16 қаңтар 2021 ж.

№ 3 газет

12 қаңтар 2021 ж.

№ 2 газет

09 қаңтар 2021 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2021    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » Еңбектің наны тәтті

Еңбектің наны тәтті

Нан көптеген адамдардың ас мәзіріндегі негізгі және маңызды өнімнің бірі болып табылады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бір адам жылына ор­та есеппен 100 келі нан өнімін тұты­нады екен. Ал медициналық норма 120 келі тұтыну қажеттігін айтады. Егер оншақты жыл бұрын нан өндірушілер тек қалыпта пісірілген нан мен батонды ұсынған болса, бүгінде нан ассортименті айтарлықтай ұлғайған.

Дәмді нанды қалай әзірлеу керек екенін бұл наубайханадағы әрбір қызметкер біледі. «Кәсіпкерлік көкжиегі» айдарында Шаған ауылындағы кіші нан шығаратын цехтың жұмысымен таныстырмақпыз. Соңғы технологиямен жабдықталған наубайханадағы өнімдерге деген сұраныс жоғары.

– Біз ас атасы нан өнімдерінің барлық түрін дайындап шығарамыз. Сұраныс та жоғары. Мұнымен қоса, тәтті бәліштер, торт және самсаны тапсырыстың түсуіне байланысты дайындаймыз. Ал үй нанын күнделікті 120-150 бөлкеден үзбей пісіреміз. Себебі, жақын жерлердегі дүкендерге өткізіп, халыққа жібереміз, – дейді кәсіпкер Қарлығаш Үмітбекқызы.

Шағандық наубайханашы Қарлығаш Үмітбекқызы 2018 жылы мемлекеттен 800000 (сегіз жүз мың) теңге қайтарымсыз қаражат алып өз кәсібін бастады. Бұрыннан осы саланы жақсы меңгерген кәсіпкер әйел бүгінде қарамағына екі жұмысшы алып, жұмыспен қамтып отыр. Ауыл тұрғындары да осы наубайхананың дәмді өнімдерін асыға күтеді. Себебі, мұнда дайындалатын нанның оннан астам түрінің бағасы да, сапасы да көңілге қонымды. Оны дүкен сөрелеріне келген әрбір өнімнің бір мезеттен өтіп кетуінен байқауға болады.

– Бұрын тапсырыспен торт пісіріп үйден сататын едім. Кейін күйеуім өмірден өткеннен кейін үйдің бар ауыртпалығы өзіме түсті. Балаларыма демеу болып, оларды өмірге қанаттандыру керек. Бірде мемлекеттің кәсі­пкерлерге үлкен қолдау көрсетіп жат­­қанын естіп, бағдармалама аясында құжаттарымды тапсырдым. «Бұйырған кетпейді» дегендей, кәсібін қолдау тауып қайтарымсыз қаражатқа ие болдым. Осылайша, жұмыссыз әйелдерді қасыма жиып, нан пісірудің түрлерін үйреттім. Дайындауға қажетті нан пісіретін газ пешінің екі түрін және торт дайындауға арналған «миксер» секілді дүниелерді алып, кәсіпті бастап кеттім, – дейді кәсіпкер.

Ауыл арасында «Қарлығаштың торты», «Қарлығаштың наны» деген тіркестер бар. Дүкенге нан іздеп келген әрбір тұрғын осы кәсіпкердің өнімін бірінші сұрайды. Халық алғысына бөленген кәсіпкер әйелдің сапалы өнім дайындайтынын осыдан-ақ байқауға болады. Кәсібіне береке тілейміз.

Майя ҚОЖАБАЙ
17 қараша 2020 ж. 122 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам