ӨТКЕН КҮННІҢ БЕЛГІСІНДЕЙ

111

Еліміз егемендік алып, дамудың дара жолына түскеннен кейін ата-бабаларымыздың ел үшін сіңірген еңбегін кейінгі ұрпаққа таныту, еңбегіне баға беріп, құрмет көрсету – жас ұрпақтың бұлжымас борышы саналады. Олардың ел үшін жасаған үрдісті істері бүгінгі толқынға үлгі-өнеге екені анық. Сондықтан ел дамуына айрықша еңбегі бар кешегі ағаларды дәріптеу жас толқынға тәлімді тәрбие болмақ.

Биыл Асқар ауылының қалыптасуына сүбелі үлес қосқан ардақты азамат О.Сақыбековтың туғанына 100 жыл толып отыр.  «Ел» деп емірене еңбек еткен тұлғаның жанкешті жұмысы көпке белгілі.  Ол қиын-қыстау кезеңде шатқаяқтаған шаруашылық жұмысын ілгері тартып, тынбай еңбек еткен жандардың бірегейі. Осындай ел алғысына бөленген ардақты азаматты ұрпақтары еске алып, атап өтуге ниетті.

Сақыбеков Опабек 1917 жылы «Қызыл орақ» колхозында дүниеге келген.  Аудан орталығындағы 7 жылдық мектепті бітіріп, Қазалы ауыл шаруашылығы техникумына түскен. Оны 1935 жылы «ветеренария фельдшері» мамандығы бойынша бітіріп шыққан.  Сол жылдан бастап мамандығы бойынша аудандық мал дәрігерлік станциясында қызмет жасайды.

Жас кадр 1941 жылдың тамыз айында әскер қатарына алынып, 363 бөлімнің 3 –артдивизиясы құрамында Польша, Чехословакия жерін жаудан азат етуге қатысқан.  Сонымен қатар, жауынгер 1945 жылы тамызда  Кеңес-Жапон соғысына қатысып, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен наградталған. Оған қоса, 3 рет Жоғарғы Қолбасшының «Алғыс хатын» алып, аға сержант шенінде 1946 жылдың мамырында елге оралған.

Қан майданнан кейін партия мен үкімет майда шаруашылықтарды біріктіріп, ірілендіру туралы шашім қабылдады. Соған орай, 1950 жылы «Қызыл орақ», «Майлықұм», «Бидайкөл», «18-партсъезд» колхоздары қосылып, «Партияның 18-съезді» атындағы колхоз болып қайта құрылған болатын. Опабек ақсақал осы өзгерістерге байланысты қой фермасына меңгеруші, колхоз председателі болып қызмет атқарды.  Өз шеберлігі арқасында еңбекшіл жан колхоздың қой фермасының көрсеткеші бойынша облыстың алдыңғы қатарынан көріне білді. Оған дәлел ретінде Опекеңнің атына берілген «Облыстық ауылшаруашылық көрмесінің» қатысушысы ретінде берілген куәлігін айтуға болады. 1958 жылы О.Сақыбеков азат ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің республикалық кеңесіне қатысып, ІІ  дәрежелі дипломмен марапатталған. Сол кездегі облыстан барған делегацияның Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Дінмұхамед  Қонаевты ортаға алып түскен суреті бүгінде аудандық мұражайда сақтаулы тұр.

22

1962 жылдан колхоз совхоз болып өзгеріп, шаруашылықтар мамандандырыла бастайды. «18-партсъезд» совхозы егін және сүт бағытына мамандандырылып, колхоздың басқа малы түгел «Қараөзек» қой совхозына беріледі. Опабек ағай осы қой фермасын басқарғанда қарамағындағы шопандары да  марапат тұғырынан көрінді. Ерлі-зайыпты Бегманов Бекіш аға-шопан, зайыбы Бегманова Орынкүл көмекші шопан екеуі  де бір күнде «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградталды. Мұндай оқиға бұрын-соңды болмаған.

1962 жылдан тәжірибелі маман қайтадан ауданға келіп, мамандығы бойынша қызмет атқарады.

«Мен 1972 жылдан осы ауылда агроном  қызметін атқардым. Шаруашылықтың жағдайы өте ауыр еді. Ешқандай жер инженерлік  жүйеге келтірілмеген, мамандар жетіспейді. Совхоз директоры Отызбай Исабаевтың келгеніне 3 жыл болған екен. Аудандық партия комитетінің  хатшысы Қонысбек Қазантаевтың қолдауымен жыл сайын 300-400 га жер пайдалануға беріліп отырды.  Сыртта жүрген мамандар шақыртылды. 1972 жылы Опекең де шаруашылыққа келіп, бригадир қызметін атқарды. Сөйтіп, бірте-бірте алдыңғы қатарлы шаруашылыққа айнала бастадық. Опабек ақсақал басқарған бригада үнемі жоғарғы көрсеткіштерге  қол жеткізіп отырды. Орталарынан Ж.Әлсейітов пен Б.Жакупов аудан чемпиондары атанды. Р.Өкшебаева, Б.Жакупов, П.Есімовтер «Ленин орденімен», Ж.Әлсейітов, Айдарбекова, Өмірзақовтар «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды», — дейді көненің көзін, ауылдың тарихын талай жыл зерттеп жүрген  А.Тоқмағанбетов ауылының байырғы тұрғыны, еңбек ардагері Манат Есенбаева.

Халқымызда: «Ердің қосы оңбай – ісі оңбайды», «Жары жақсының – бәрі жақсы» дейді. Опекеңнің алаңсыз еңбек етуіне, жетістіктеріне адал жары Баһара апайдың да үлесі бар екенін мойындау керек.

Қанды қырғында жаудың бетін қайтарып, еңбекте де еш қажымаған Опабек Сақыбеков қандай қонақ келсе де жылы шыраймен қарсы алып, ас-суын беріп мейман ете білген. Ол кезде асхана, қонақ үй деген атымен жоқ. Кім келсе де үйде күтеді. Жазда жайлауға, дала қосына көшіп барып, қызмет қылады.  Тіптен, көз қуаныштарын қыстаудағы әжесіне қалдырып кететін. Ал, жазда  балалары егіс басына әкесіне көмекке баратын. Опабек ағай мен Баһара апай 5 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Әр бала өз орындарын тауып, отбасылы, бір-бір шаңырақ иесі болып отыр.

Шаруашылықтың түрлі саласын басқарып, бүкіл ғұмырын ауылдың өсіп-өркендеуіне арнаған қамқор әке, адал жар, кішіге қамқор аға бола білген біртуар азаматтың есімі ел жадында мәңгі сақталатыны сөзсіз.

Б.ЖАНӘЛІ

Көрудің саны: 233  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру