ҰРПАҒЫНА ӨМІРІМЕН ӨНЕГЕ

Без имени-3

Қарапайым шаруа адамдардың отбасында 1947 жылдың 1 қыркүйегінде дүниеге келген Ажаркүл ақжарқын, бауырмал, пысық қыз болып бой жетті. Қараторы әдемі жүзіне тоқпақтай қос бұрымы жарасып тұратын. Мектепте оқып жүргенде қазалылық ару көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болды. Кейін елге белгілі термеші болған Науат Ойнаровамен Ғ.Мұратбаев атындағы №17 орта мектепте бірге оқып, сахнада бірге ән шырқады. Сегіз қырлы, бір сырлы бойжеткен он саусағынан өнері төгілген қолөнер шебері де еді. Қазақы аруға тән бар өнерді бойына жиған өнерлі бойжеткенге жалағаштық жас жігіт Серікбай (Бисенов) бір көргеннен ғашық болады. Қазалы ауыл шаруашылық техникумының озат студенті, аққұба бойшаң жігітті бойжеткен де теріс көрмеді. Екеуі бір-бірін ұнатып, шаңырақ көтерді. Осы бір алаулаған жастық шақтың қимас, бақытты кезеңдері туралы марқұм Серікбай ағаның жан досы Кеңшілік Тұрсынбаев былайша еске алады: «Бір күні Алдаберген ағай (Секеңнің ағасы, Социалистік Еңбек Ері) шақырып алып: «Кеңшілік Серікбай досыңның Қазалы жақтан бір қызбен сөзі бар екен ғой, соны алып келе жатса керек. Дереу Жалағашқа жет, күтіп ал, жолдарың болсын» деді. Поездан екеуін күтіп алып, бір мектепте оқыған Тынымкүл атты құрбы қызды жолшыбай серік етіп, қасымызға ертіп алдық. Тынымкүлдің ептеп ән салатын өнері болатын. Жолда келе жатып Серікбай, жас келін Ажар, Тынымкүл төртеуміз ән салумен болдық. Сөйтсек Ажар жастайынан белгілі әнші екен. Біздің әншілігіміз жолда қалды. Осылайша ән құшағында ауылға қалай жеткенімізді байқамай да қалдық. Келсек ұлы думан халық күтіп отыр екен. Үлкен шешеміз Кенжегүл апа, кіші шешеміз Сәпиян апа, Алдаберген ағаның зайыбы Зүбайра жеңгеміз «әнші келін» Ажарды күтіп алды. Сөйткен Ажар екі енемен абысынның тәрбиесін алып, 10 бала өсіріп, ел сыйлайтын ана болды» дейді. «Жақсы жерге түскен келін, келін…» дейді халық даналығы. Сол айтқандай текті тұқымның тәрбиесін алып Ажаркүл көктеп, көгерді. Жаңаталап ауылына 18 жасында келін болып түскен ол 4 балалы болғанша сол елді-мекенде тұрады. Отағасы Серікбай аға 1972 жылы Тереңөзек ауданының Қазақ ССР 50 жылдығы кеңшарына қызмет бабымен ауысуына байланысты осында көшіп келеді. С.Бисенов ауыл шаруашылығы техникумынан кейін жоғарғы оқу орны Алматы қаласындағы Қазақтың ауыл шаруашылық институтын бітірді. Ауданның бетке ұстар шаруашылығында бас зоотехник болады. Ал, Ажаркүл бала бақшада музыкадан (фортепиано, домбыра өзі тартады) бүлдіршіндерге дәріс береді. Балалардың сүйікті ұстазына айналады. 1978 жылы республикалық Социалистік Қазақстан газетінде білікті ұстаз Ажаркүл Телеуова туралы суретімен мақала да жарияланады. 1979 жылы отағасы С.Бисенов қызметі өсіп, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына жұмысқа ауысады. Ажаркүл апа СПТУ-10 –да еңбек етіп, 1996 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты. Серікбай аға мен Ажаркүл апа 10 бала тәрбиелеп өсіріп, олардың барлығының жоғары білім алуына жағдай жасады. Ажаркүл Телеуова «Батыр Ана» атағын 1985 жылдың 15 тамызында алды.
Батыр ана атақты әншілігімен қоса, киіз басудың, ою-өрнек салудың, шілтер тоқудың, бесік жасауын жасаудың қас шебері. Қазіргі кезде ол кісінің үйінде ұл-қыздарына арнаған көздің жауын алатын 10 киіз сақтаулы. Келін түсіріп, қыздарын ұзатқанда олардың жасауының бәрін өзі дайындады. Марқұм Серікбай ағамыздың қызметінің ауылдан бастап, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысына дейін өсуіне отбасында тілектес, сүйеніш болған Ажаркүл апа. Қос асыл бір-бірін ерекше құрметтеп, бақытты ғұмыр кешті. 45 жылдық жұбайлық өмірдің мәуелі жемісі ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, сүйікті немерелер сүйді. Тек бір өкініштісі Ажаркүл апа ауыр кеселмен 10 жылдан бері алысып келеді. Оған ұл-қыздары, келіндері, немерелері сүйеу болуда. Бүгінде балалары халық шаруашылығының түрлі саласында еңбек етуде. Гүлнар Алматы вагон жөндеу зауытында, Гүлнәфис, Гүлфайруз Қызылорда қаласында білікті ұстаздар, Ербол-облыстық медицина орталығында хирург-дәрігер, Бағлан-облыстық ІІД-де кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі, Дәмеш–Алматы қаласында көз дәрігері, Майра–аудандық мемлекеттік кірістер басқармасында бөлім басшысы, Ляйля медбике болып еңбек етеді. Бар ғұмырын жұбайына, балалары мен немерелеріне арнаған әзиз жан бүгінде 21 немеренің сүйікті әжесі. Немерелерінің алды Айна Алматыда жоғарғы оқу орнының оқытушысы, құқық магистрі, Алмас Құрманғазы атындағы консерваторияның, Малика Әл-Фараби атындағы ҚҰУ, Абай Қызылордадағы жоғарғы оқу орындарының түрлі мамандықтар бойынша 4 курс студенттері, Ақмарал С.Асфендияров атындағы медакадемияның екінші курс студенті, болашақ дәрігер. Басқа да немерелері Әсел Қызылордада білім инновациялық лицейінің, Бекжігіт, Ержігіт тереңдетілген ағылшын тілі «Мұрагер» мектебінің, Шұғыла, Ақбота, Жадыра аудандағы №35 мектеп лицейінің озат оқушылары.
«Иманды анадан, ибалы бала тәрбиеленеді» дейді халық даналығы. Бар өмірін ұрпақтарына арнап, 70 жасқа толып отырған әзиз жанға Алла Сізге медет берсін, кеселіңізден айығып, ұрпақтарыңыздың ортасында бақытты ғұмыр кешеңіз деген игі тілегімізді білдіреміз.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ

Көрудің саны: 129  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру