ӨМІРІ ЕҢБЕКПЕН ӨРІЛГЕН

Без названия

Аудан тарихында банк саласында еңбек еткен сала ардагерлерінің арасында Сәрсенкүл Жапбасбаеваның есімі құрметпен аталады. Байырғы банк қызметкері 30 жылдан астам уақыт абыройлы еңбек еткен жан. Бүгінде еңбектің зейнетін көріп отырған ана – отбасының берекесі. Өмір жолы өнегеге толы отбасын жас жанұяларға үлгі ету мақсатында мақаланың кейіпкері еттік.

Жалпы еңбек өтілі 40 жылды құрайтын, саналы ғұмырын еңбекке арнаған Сәрсенкүл апа 1952 жылы С.Сейфуллин ауылында дүниеге келіп, сондағы 8 жылдық мектепті, ал 10-сыныпты №35 М.И.Калинин атындағы орта мектептен бітіреді. Алғашқы еңбек жолын 1969 жылы аудандағы Тұрмыстық қажетті өтеу комбинатында бастайды. Әдепкіде үйренуші, тігінші, кейін киім пішуші, цех меңгерушісі қызметіне дейін көтеріледі. Кезінде тұрмыстық қажет-ті өтеу комбинаты халыққа жан-жақты, сұранысқа сай жақсы қызмет көрсеткені белгілі. Осы комбинат көптеген жастарға еңбек жолын бастауға мүмкіндік берді. Сәрсенкүл апа да сонда он жылдай уақыт еңбек етіп, 1979 жылы аудандағы жинақ кассасына кассир-бақылаушы болып жаңа жұмысқа ауысады. Есепке жүйріктігі, жауапкершілігі мол, тиянақтылық қасиеті көп уақыт өтпей оны кассирлықтан аға кассир қызметіне ауысуына себеп болады. Өзіне жүктелген міндеттің ішінде, ең қиыны да, ең жауаптысы ол аға кассирдың облыс орталығынан ақша тасымалдау міндеті болатын. Осы жүкті де бірнеше жыл абыроймен алып жүрді. Қызметте жүріп, 1980 жылы Алматы қаласындағы есеп-несие техникумына банк саласы бойынша оқуға түсіп, оны 1982 жылы есепші мамандығы бойынша бітіріп шықты.
– Біз қызмет еткен жылдары қаладан ақша таситын едік. Ол кезде арнайы көлік те, күзет те жоқ. Бір өзім ақшаны алып келіп, оны халыққа тарататын едік. Ал доллар пойызбен келеді. Оны күтетінбіз,-дейді жұмысын адал атқарып, қызмет еткен жылдарында бірде-бір ескерту алмаған ардагер. Қырық жылдан астам уақыт еңбек еткен ұжымын, әріптестерін, басшыларының қам­қор­лығын айтудан жалықпайды. Сәрсенкүл апа байырғы әріптестері Ақайым Болғанбаева, бас есепші Ізтай Әбілдаев, кейінгі басшылар Құралай Әбілқайырова, Асылбек Палымбетов, Ерлан Нұртазаев, Ғалымжан Сыздықовтың іскерлік қабілеттері мен біліктіліктері жоғары болғанын айтады. Осы күнге дейін ол қандайда бір шара болмасын сала ардагерлері Сәнімкүл мен Әсима апайлармен қатар құрмет, қошемет төрінде отырады. Сәрсенкүл апа осындай жауапты қызметті абыроймен атқарғанын отағасы марқұм Байсын ағаның жайдарлы мінезімен байланыстырады. Ауданға сыйлы болған ағаны танымайтын кісі кем де кем. Ол кісі аудандағы ірі-ірі мекемелердің қатарында болған Автобаза, ПМК-1608, ПМК-15, ПМК-84, «Мелиораторда» бас есепші болған азамат. Дүниеге келген 3 ұл мен 3 қызға сүйікті әке, Сәрсенкүл апаға аяулы жар болған Байсын аға осыдан 3 жыл бұрын 68 жасында дүниеден өтті. Балалары Айгүл, Рахымберді, Гүлмира, Қанат, Олжас, Гүлдана барлығы да бір-бір мамандық иесі атанған, ата-ана жолын қуған бір-бір шаңырақ иелері. 14 немеренің қуанышына кенеліп отырған Сәрсенкүл апаны кенже ұлы Олжас пен келіні Ақмарал алақандарына салып, мәпелеп отыр. Ана үшін мұнан артық бақыттың да керегі жоқ. Барға қанағат етіп, балаларының тілеуін тілеп отырған анаға өмір жасыңыз ұзақ болсын демекпіз.

Түйін: «Менің өмірден, қызметтен алған наградаларымның арасында жаныма ыстық көретінім ауданда өткен үлкен алқалы жиындардың бірінде біздің отбасымызға «Үлгілі отбасы» деген аудан әкімінің алғыс хаты тапсырылды. Онда бір сөзбен кезінде абыройлы қызмет етіп, тәрбиелі ұл-қыз өсіргеніміз үшін жұбайым екеуімізге алғыс айтылған»-деді шаңырағының төрінде ілулі тұрған Алғыс хатты көрсетіп Сәрсенкүл апа. Отбасы бақыты деген осы емес пе?

Б.ЖАНӘЛІ

Көрудің саны: 109  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру