ДЕРТКЕ ДАУА ТАПҚАН ДӘРІГЕР

Scan10002

Халық денсаулығының мықты болуы – еліміздің медицина саласында еңбек етіп жүрген дәрігерлердің қолында екендігі анық. Ақ халатты абзал жандар антына адал болып, басы ауырып, балтыры сыздағандардың дертіне дауа іздеп, ел ризашылығын алуды басты мақсат еткен. Бүгінде сондай құрметке бөленіп, еліміздің, оның ішінде өңірдің денсаулық саласында жемісті еңбек етіп, халықтың алғысына бөленген білікті дәрігерлердің бірі және бірегейі – Тұрғанбай Маханов.

Адам жанының арашашысы болып, сырқатынан құр сүлдері қалған жандарға үміт сәулесін сыйлаған медицина саласы ардагерінің өнегелі істері сырбойылықтарға мәлім. Республикаға танымал тұлға алдына келген әрбір адамға тәжірибелі маман ретінде қарапайымдылығымен, біліктілігімен көмек көрсетіп, жылы шырай танытып, қалтқысыз қызметін жасады. Тынымсыз тірлікте тындырымды іс қылып, жүрек жылуымен көпшіліктің алғысын арқалады.
Парасат-пайымы бөлек Тұрғанбай Махан­ұлы Сырдария ауданының тумасы. Ол 1939 жылдың 27 наурызында өмірге келген. Қы­зылорда қаласындағы 1 мамыр атындағы орта мектептің табалдырығын аттаған жас балғын білім ошағын ойдағыдай бітіріп шыға­ды. Мектеп қабырғасында жүргенде мамандығын таңдап алған жан Ақтөбе қаласындағы меди­циналық институттың емдеу факультетін тәмам­дап, Жалағаш аудандық орталық ауруханада еңбек жолын бастайды. Ауданда екі жыл дәрігер-хирург болып, тәжірибе жинақтап, облыстық денсаулық сақтау бөлі­мі меңгерушісінің орынбасарлығына таға­йын­далады. Содан бастап ақ халатты абзал жан жауапкершілігі мол жұмыстарды ат­қа­ра­­ды. Орынбасарлықтан облыстық ауруха­наның бас дәрігері, облыстық медицина орталығының директоры қызметіне ауысса, бас дәрігерлікпен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасын да басқарды. Бұл жауапты қызметтерді абыроймен атқарған Т.Маханов 2003 жылы құрметті зейнет демалысына шыққан. Зейнеткерлікке шықса да облыс медицинасының өркендеуіне өз үлесін қосып, бүгінде облыстық медициналық орталықтың «Құрметті директоры-кеңесшісі» қызметінде.
Өз ісінің білгірі 1964-1976-1991 жылдары бірнеше рет ауылдық, қалалық және облыстық кеңеске, сонымен қатар 1989 жылы КСРО Жоғары кеңесіне депутат болып сайланған. Ол халық қалаулысы ретінде өзекті деген мәселелерді қозғап, оңтайлы шешілуіне үлкен жұмыстар атқарды. Теориялық білімі мен нақты тәжірибені ұштастыра білген білікті дәрігер Мәскеудің орталық дәрігерлер білімін жетілдіру институтында «Первичная и острочная пересадка кожи при повреждениях кисти» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғайды. Соның арқасында медицина ғылымдарының кандидаты деген атақ алып, ғұлама дәрігерлердің жақсы пікіріне ие болған.
Көпшіліктің алғысын алған азамат 1978 жылы Алматы қаласында өткізілген Дүние­-жүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық конференциясына делегат болды. Сондай-ақ, София қаласында өткен әлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәжі­лісінде рес­публика атынан сөз сөйлеп, қазақ жерінің, елінің хал-ахуалымен бірге Арал аймағы экологиясының медициналық аспектілері жайын көтерген. Ол 1980-1991 жылдар аралығында КСРО денсаулық сақтау министрлігінің орта меди­циналық білім беру комиссиясының мүшесі болған.
Өңір тұрғындары денсаулығының жақса­руына септігін тигізіп келе жатқан облыстық диагностикалық орталықты сөз еткенде дертті жанды емдеу, ота жасау секілді қиын жұмыспен қоса басшылық қызметті де бірге алып жүрген іскер азаматтың есімі қатар айтылады. Себебі, кезінде осы ғимараттың салынып, ел игілігіне қызмет етуіне оның сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Облысқа емхананың қажеттілігін қозғап, бой көтеруіне бастан-аяқ өзі жүріп ықпал етті. Шын мәнінде, қалаға көрік беріп тұрған ғимараттың салыну тарихын Тұрғанбай Махановтан артық ешкім білмейді десек, еш қателеспейміз. Өйткені, облыс медицинасының бүгіні мен ертеңін байыптай білетін тәжірибелі дәрігер КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланғаннан бас­тап Арал мәселесін көтеріп, осыған ерекше мән берді. Экологиялық жағдайдың әсерінен аурушаңдық көп болатынын ескерткен халық қалаулысы аймаққа емхана керектігін Мемлекет басшысына дейін жеткізді. Елбасы мұндай орталықтың тек Қызылордаға ғана емес, өзге де өңірлерге қажеттілігін тілге тиек еткен. Бастаған істі тек қалдырмайтын халық жанашыры үлкен орталықтың салынуы үшін Денсаулық сақтау министрі Е.Чазовты елге шақырып, сол тұстағы облыс басшысы С.Шаухаманов екеуі түйткілді мәселенің түйінін шешкен. Министр жаңа ғимараттың салынуына 2 млн. сом бөліп, қолдау білдіреді. Сондай-ақ, еңселі ғимаратқа қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін сырбойылықтар бір кісідей жұмылып, атсалысты. Нәтижесінде, облыс орталығында ТМД бойынша теңдесі жоқ диагностикалық орталық жұртшылыққа есігін айқара ашты. Осы жұмыста ұйымдастыруышылық қабілетімен ерекшеленген Тұрғанбай Маханұлы тынбастан жүріп, дегеніне жетті. Оның мұндай елеулі еңбегіне орталықта дертіне шипа тапқан әрбір жан әлі күнге дейін алғысын жеткізіп келеді. Мұнан бөлек, тындырымды тірлігі мен ізгілікті ісі үшін оған 1982 жылы «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген дәрігер» атағы берілді. Сондай-ақ, «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Құрмет» орден­дерін, СССР және ҚазССР «Денсаулық сақтау саласының үздігі» белгісін омырауына тақты. Оған қоса, Тұрғанбай аға Маханов «Облыстың құрметті қайраткері», облыстың «Құрметті» азаматы. Ол ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығында, Астана қаласының 10 жылдық мерейтойында Елбасының «Алғыс хатымен» және бірнеше мәрте облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың «Алғыс хатымен» марапатталған.
Бүгінде облыстық «медицина ардагері» «Пайда ойлама, ар ойла» деген қағиданы өмірлік ұстаным еткен. Ол дәрігерлер «ақ халатты абзал жан» деген атқа дақ түсірмесе екен дейді.
– Менің айтпағым, дәрігер болу – қызметі өте күрделі, жауаптылығы орасан, сонымен бірге мол көңіл-күй әсеріне бөлейтін мамандық. Қазіргі кезде дәрігердің кәсіби біліктілігіне деген талап жоғары. Сондықтан сапалы білім алмағаннан білікті дәрігер шықпайды. Және де ізденіс жолына түспей еңбек өз жемісін бермейді. Жалпы, аяулы мамандық иесі үлкен жүректі, мейірімді, кішіпейіл болу керек, — деген Сыр медицинасының ақсақалы ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, егемендіктің қадірін білу керектігін айтады. Айналып келгенде, бәрі де елдегі бейбітшілік пен бірліктің арқасы екенін тілге тиек еткен ардақты дәрігер медицина саласының қарыштап дами беруіне тілектес екенін білдірді және сол үшін әлі де талмай еңбек етіп келеді.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ

Көрудің саны: 230  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру